Қаңтарда оққа ұшқан Айкөркемнің әкесі полицияға шақырылды

Айдос Мелдехан полицияға шақырылғанын мәлімдеді


03/06/2022
12:54 33825 0

Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан жасар Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдеханды полицияға шақырған. Бұл жөнінде  «Азаттық» радиосы хабарлады. 

 

Айдос Мелдеханның сөзінше, полицияға шақырылуына 21 ақпанда болған оқиға түрткі болған. Сол күні оны белгісіз бір адам аңдып, кейіннен сөзге келіп қалған. Артынша ол адам арыз жазып, хаттама толтырылған. 

 

— Менің түсінуімше, олар мені жолдан алғысы келетін сияқты. Арандатушы мені арандатқысы келеді, — дейді Мелдехан.

 

Айдос Мелдеханның айтуынша, екеуі бір-біріне қол жұмсамаған. Бірақ, соған қарамастан «дене жарақатын келтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ол бұған дейін осы іс бойынша тергелген. 

 

Айдос Мелдеханның тергеуге шақырылғанын оның адвокаты Қанат Бейсебаев та растаған. Іске қатысты ақпаратты тергеуден кейін ғана айта алатынын жеткізген.

 

Әзірге Алматы полициясы бұған қатысты түсініктеме бермеді. 

 

Айдос Мелдеханның төрт жасар қызы Айкөркем Мелдехан биыл 7 қаңтарда Алматыда дүкен іздеген жақындарына ілесіп жүрген кезде оққа ұшқан. Оқиға кезінде Айдос Мелдеханның 16 жастағы қызы да жараланып, ақпанда ауруханадан шықты. Көлікке кім оқ атқаны әлі күнге дейін белгісіз. Қаңтар оқиғасы кезінде кемінде 238 адам қаза болды. Қоғам талабына қарамастан билік бейбіт тұрғындарға оқ ату бойынша істер туралы толық ақпарат бермей отыр. Қанша күдікті бар екені де белгісіз.

 

Маусымның 3-і күні Алматыда Айкөркемге арналған мурал пайда болған. Бірақ ол бір күнге жетпей өшірілген.

 

Поделиться

Нет комментариев.

03/06/2022 12:54
33825 0

Уведомление